11 жалдамалы пәтер тапсырылды
Кеше «Тұрғын үй құрылыс жинақ банк» өкілдері облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қабылдауында болды.
Аймақ басшысы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, банк департаментінің директоры Ринат Талтусов және осы АҚ Ақтөбе облыстық филиалы директоры Жеделбек Мурзагалеевпен бірге осы жылдың бірінші мамырынан бастап жүзеге асқалы жатқан «Әскери баспана» жаңа бағдарламасын талқылады. Яғни, бұл бағдарлама әскери қызметкерлерге арналған. Облыс әкімі тұрғындарды баспанамен қамту үшін барлық мүмкіндіктерді қарастыру қажеттігін айтты.
Қабылдаудан кейін бір топ ақтөбелік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жалдамалы пәтердің кілтін алды. «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы баспана иелерін облыс әкімі Оңдасын Оразалин, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, т.б. арнайы құттықтады.
Қоныстойын атап өтіп жатқандар — балалар үйінің түлектері мен бюджеттік сала қызметкерлері. Олардың дені жұмыс тәжірибесі мен табысы аз болғандықтан, жалға берілген пәтерлерді алдағы уақытта сатып алу мүмкіндігіне ие. Яғни жалдамалы пәтерде тұрып жатып, мемлекеттік бағдарламаға қатысушы 6 жыл ішінде банктегі өз депозитінде пәтер бағасының 50 пайызын жинауы тиіс. Бұл — талап бойынша ай сайын есепшотына орташа есеппен 35 мың теңгеден салып тұруы керек деген сөз. Жинақтау мерзімі аяқталған соң банк қалған 50 пайызын несиеге жылдық 4,2 пайыз мөлшерлемемен береді.
— Қоғамдағы проблемалардың бірі — тұрғын үй. Баспанаға мұқтаж азаматтар арамызда көп. Nur Otan партиясының съездерінде де осы мәселеге ерекше мән беріліп, Елбасы тапсырмасына сәйкес, Үкімет тарапынан бірнеше бағдарламалар қабылданды. Соның ішінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамымен бірлескен жұмыс нәтижесінде қазіргі таңда мұқтаж азаматтар үйлі болып жатыр.
Биыл жоспар бойынша облыста кемінде 1 миллионға жуық шаршы метр тұрғын үй тапсырылуы керек. Соның бір көрінісі — бүгінгі қуаныш иелері. Олар жоғарыда аталған банк арқылы баспанаға ие болып жатыр, — деген Оңдасын Сейілұлы жиналғандарды құттықтап, пәтер кілттерін салтанатты жағдайда табыс етті.
Ал «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова өз сөзінде өңірдегі салымшылардың саны жыл өткен сайын артып келе жатқанын атап өтті. «Осы шағын ауданға мен үшінші рет келіп тұрмын. Бұл жолы да бір топ ақтөбеліктің қуанышына куә болу бұйырыпты. Осы орайда қазіргі таңда біздің банкте Ақтөбе облысының 98 мың азаматының депозиті барын айтқым келеді. Яғни олар да сіздер сияқты баспаналы болу үшін ақша жинап жатыр. Көп ұзамай солардың қоныстойына келуге жазсын», — деп лебізін білдірді ол.
Пәтер кілтін алғандардың бірі — 23 жастағы Болат Шүкіров. Балалар үйінің түлегінің алға қойған арман-жоспарлары көп.
— 1 бөлмелі пәтерге ие болып жатқаныма өте қуаныштымын. Өмірдегі армандарымның бірі өз үйімді алу еді. Енді осы несиемді өз мерзімінде жауып, отбасылы болуды армандаймын. Маған қолдау көрсеткендердің барлығына рақметімді айтамын, — дейді жігіт.
1-3 бөлмелі пәтерге ие болғандар мен атқарушы билік өкілдері шара соңында аулаға ағаш егіп, естелік суретке түсті.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.